Жаңалықтар

27 қараша 2012

Адамзат тарихында тұңғыш рет космостық кеңістікке тартылған жол Қазақ даласынан басталғаны белгілі. Алғаш ғарышты бағындыруға жасалған сол қадамнан бері де талай ғылыми жаңалықтар ашылды, талай қоғам өзгерді, талай елдің ұшқышы көкке самғады. Алайда, Жаратушыға ғана мәлім он сегіз мың ғаламның құпия-сырын зерттеу ісі күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай тұр.

Әлемдік космонавтиканың бесігіне айналған тәуелсіз Қазақстанның ғарышты зерттеу ғылымына қосар үлесі қандай деген сұрақ кез-келгеніміздің көңіл түкпірімізде жатқаны анық. Отандық ғарыш саласын зерттеу орталығының білікті мамандарының қатысуымен жоғары сапалы төл технологиялар жасалып, ғылыми негіздің тереңдей түскендігін, адамзатқа аса қажетті ауқымды жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын, әлем ғалымдары мен ғылыми орталықтары тарапынан қазақстандық ғарыш ғылымына, ізденімпаз ғалымдары атына жылы лебіз бен сауатты пікірдің жолданып отырғанын білгенде бұл саланың жетістіктері көңілімізді бір серпілтті.

Ғарыш зерттеу институты, Астрофизикалық институт, Ионосфера институты, Ғарыш технологиялық техника институты секілді іргелі зерттеу ошақтарының басын біріктірген «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» акционерлік қоғамында қазіргі таңда төрт жүзден аса маман қызмет етіп келеді. Аталмыш орталық ғарыштық зерттеулер бойынша іргелі ғылым саласы, ауыл шаруашылығын дамыту ісіндегі қолданбалы ғылыми тәжірибелер және өзге елдерден жасалатын нарықтық-коммерциялық тапсырыстарды орындау сияқты үш бірдей ауқымды бағытты қамтып отыр.

«Кейінгі жылдары елімізде ғылымға ерекше мән беріліп отырғандығын баса айтқым келеді. Әрине, Елбасы Н.Назарбаевтың ғылымға назар аударту ісіне қосқан үлесі зор. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп келе жатқан индустриялық-инновациялық серпіліс дегеніміз, отандық ғылымға жасалған үлкен қамқорлық, күллі адамзаттың келешегіне қосылған теңдессіз үлес. Қазақ ғылымы, оның ішінде космосты зерттеу, игеру және зерделеу ғылымы дағдарыстар мен қиыншылықтарды артқа тастап, қазірде даму жолына, ілгері басу мен игі жетістіктерге қол арту деңгейіне жетіп отыр», дейді «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» акционерлік қоғамының президенті, Қазақ ЖТҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Жұмабек Жантаев.

Орталық ғарыштық техника және технологияларды құруды ғылыми-технологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету, жерді қашықтан барлау деректерін қабылдау және өңдеу ісі, жер қыртысында пайда болатын геодинамикалық және геофизикалық құбылыстар мен үрдістердің жерүсті-ғарыштық мониторингі, ғарыш ауа райын болжау мен отандық көпдеңгейлі жүйелер жасау, Күн-Жер жүйесіндегі физикалық үрдістер, Ғаламдық жүйе, оның ішінде Күн жүйесіндегі жұлдыздар мен планеталарды зерттеу, ғарыш саласы мамандарын қайта дайындау және білік­тілігін жетілдіру, белгілі бір қасиеттерге ие жаңа материалдар жасауға негізделген көптеген ғылыми-тәжірибелік күрделі жобаларды жүзеге асырумен қатар, өзге де шетелдік әріптестердің қызығушылығы мен қолдауына ие.

Қазақстан 2013-2014 жылдары екі жаңа жер серігін космосқа шығаруды жоспарлап отыр. Жер қыртысын зондтау ісі, ғылым мен экономикаға қажетті аудандарды бақылау, экологиялық маңызды мәліметтер жинақтау секілді нақты деректерге ие болған отандық ғылым сол кезде жаңа белеске көтеріліп, өзінің жаңа даму кезеңін бастан өткерері анық. Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы қазіргі таңда Ресей Ғылым академиясымен бірлесіп Каспий аумағы геомониторингіне қатысты кешенді бағдарлама жасау, Жапонның «Диакса» агенттігінің бағдарламасына қосылу арқылы екіжақты ақпарат алмасу әріптестік қатынасы тығыз жүргізілу, сондай-ақ техногенді және табиғи катастрофаларды тіркеу және алмасу ісімен айналысатын бүкіл әлемдік жүйеге қо­сылу секілді жалпыға ортақ маңызды жобалармен шұғылданып отыр. Мұнан өзге Бельгия, Швейцария, Америка сияқты алға озған елдермен космостық технологияларды пайдалану арқылы астрофизикалық және халық шаруашылы­ғына қажетті мәселелерге байланысты әріптестік қатынас орнатылған. Отандың ғылым мен халық шаруашылығына аса маңызды ақпараттар жинақтау үшін Үнді, Израиль, Америка елдерінің бес бірдей спутниктерінен құнды мәліметтер алынып отыр. Атап айту керек, Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып спутниктен тікелей мәлімет алатын екі антенна орнатқан ел. Содан да болар отандық ғарыш зерттеу орталығының бұл күнде әлемдік ғарыш агенттіктерінің алдында абыройы асқақ. Бұйыртса, алдағы жылдары елімізде айнасының диаметрі 3,6 метрді қамтитын ең үлкен телескоп орнатылып, астрономиялық обсерваториялардың халықаралық жүйесіне қосылмақ. Бұл дегеніңіз, Қазақстан әлемдегі астроно­миялық алып мемлекеттердің қатарына қосылады деген сөз. Азия белдеуінде жат­­қан бірде бір елде ондай телескоп әлі жоқ.

Жердің қыртысын космостан бақылаумен қатар, отандық ғарыш ғылымы аспан әлемінің түкпірін де қалт жібермей қадағалап отыр деп сенімді айта аламыз. Космология, жұлдыздардың физикасы мен эволюциясы, жұлдыздар жүйесі мен ғаламнан тыс нысандар, планеталық зерттеулер, Жердің жасанды серіктерін бақылау саласындағы кешенді зерттеулер, «Спектр-УК» – «Әлемдік ғарыштық обсерватория – Ултьтракүлгін» халықаралық ғарыштық жобасы аясында ұзақ ғарыштық зерттеудің қазақстандық ғылыми бағдарламасы, ғарыштық кеңістікті бақылау үшін жоғары орбиталық спутниктерді салыстыру секілді ғылыми жұмыстарды Алматы қаласындағы обсерватория, теңіз деңгейінен 2700 метр жоғарыда Алматы облысына қарасты Үшбұлақ шатқалында орналасқан Асы-Түрген обсерваториясы, Үлкен Алматы көлінің маңында орналасқан Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы және Корональді станция атқарады.

Міне, отандық ғарыш ғылымы атқарып отырған келелі шаруа ұшан-теңіз. Жер мен Көкті байланыстырып тұрған Байқоңырмен қатар, отандық ғарыш ғылымының арқасында «Космостық держава» атанатын күн де алыс емес.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

–––––––––––

Суретте: Асы-Түрген обсерваториясы биіктігі 3,6 метрлік болатын жаңа телескопты орнатқаннан кейін осылай көрінетін болады.