Жаңалықтар

09 маусым 2012

- Маусым айының басында Роскосмостың басшысы Владимир Поповкин шұғыл түрде Астанаға келіп кетті. Ал оның алдында ресейлік ақпарат көздері «Қазақстан ғарыш саласындағы міндеттемелерін орындамай отыр» деген ақпарат таратты.- Роскосмос басшысы В.Поповкин Премьер-министр Кәрім Мәсімов мыр­замен кездесті. Онда «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Бәйтерек» мемлекет­аралық бағдарламасы бойынша мәселелер сөз болды. Қазақстан жағының ұшырылым кезінде жергілікті мамандарды көптеп тарту, мемлекетаралық «Днепр» бағдарламасына қатысу туралы ұсынысы Ресей жағынан қолдау тапты. Құжаттар алдағы уақытта мемлекетаралық жұмыс комиссиясында сарапшыларының талдауынан өтіп, ғарыш саласы басшыларының назарына ұсынылады. Поповкин мырза осы күнге дейін ұшырылуды күтіп жатқан спутниктер жайлы еске алды. Жерге қону алаңдары үшін қосымша жер бөлу мәселелері әлі шешімін тапқан жоқ. Бұл - өте күрделі жағдай. Үкіметаралық деңгейдегі сарапшылар комиссиясы бұл мәселені 1,5 жыл бойы қарап, Ресей жағына ұсынған болатын. Роскосмос өкілдерінің кешегі сапары кезінде құжаттардың біраз өзгеріске ұшырағанын байқадық. Біздің келісе алмайтын тұстарымыз көп. Біз мұны ашып айттық та. Себебі Қазақстан жағы осы күнге дейін алдын ала келісілген спутниктердің жолын байлаған да емес. Алайда жақын көршіміз болса да спутникті жоспардан тыс ұшырамын деген ниетіне жол бере де алмайды. Мәселенің саяси астар беріп, мәселені ушықтырмауларыңызды сұраймын. Екі тарап та қажетті құжаттарды дер кезінде қарап үлгере алмады. Мен алдағы уақытта екі елдің де мүддесі ескерілген ортақ шешім қабылданатындығына сенемін.

- Бүгінгі кеңес жайлы айта кетсеңіз.

- Біз ғарыш саласындағы мемлекетаралық байланыстарды талқыладық. Талқылауға ұсынған мәселелер аса көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Ең бастысы - ТМД-ға мүше мемлекеттердегі төтенше жағдайларға ғарыштық мониторинг жасаудың мемлекетаралық жүйесін құру, табиғи және техногендік апаттар орын ала қалған жағдайда ғарыш техникасын үйлесімді пайдалану мақ­сатында «Ғарыш және ірі апаттар» Халықаралық Хартиясына қосылу туралы келісімге келдік. Бүгінгі жиында осыған дейін Мәскеу мен Минскіде өткен кеңесте көтерілген мәселелер алға жылжыды. Атап айтқанда мемлекет­аралық ғарыш мәселесімен айналысатын Кеңес құру туралы ұсыныс орын­далуға жақын.

- Бұл ұсыныс 1992 жылы айтылса да күні бүгінге дейін орындалған жоқ. Неге?

- Жалпы, ТМД кеңістігінде тек бес ел ғана ғарыш мәселесімен шындап айналыса бастады. Олар - Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь және Әзірбайжан. Біздің ғарыш мәселесіне шындап бет бұра бастағанымызға бес жыл. Украина мен Ресей ғарышты игеру мәселесінде бізге қарағанда көш ілгері озып кетті. Беларусь пен Әзірбайжан енді ғана қолға алды. Мемлекетаралық кеңестің құрылмауының басты себебі сол. Ғарышты игеру, дамыту мәселелері бір деңгейге жеткенде ғана мемлекетаралық кеңес толыққанды жұмыс істейді.

- Ғарыш саласындағы кеңес бізге не береді?

- Ресей мен Украинада ғарыш мәселелерін зерттейтін, сараптайтын саяси институттар бар. Ғарыш саласында жазып жүрген қазақстандық журналис­тердің басым көпшілігі солардың зерттеуіне сүйеніп жазады. Біздің елімізде ракеталық-техникалық мәселелер жөніндегі, жалпы «Бәйтерек» сияқты ірі мегажобаны құру туралы түсінігі аз. Сол кезде үлкен қателіктер жіберілген, «Бәйтерек» туралы келісімде Ресей Федерациясы жағынан ешқандай жауап­кершілік қарастырылмаған.

Шын мәнінде Ресей бұл кешенді құруда ешқандай тәуекелге бармайды, қаржыландырмайды, кепілдік бермейді. Ғарыш мәселесімен айналысатын мемлекетаралық кеңес осылардың жұмысын бір жүйеге түсіреді, тәжірибе алмасуға жол ашады.

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=14495&Itemid=2