Жаңалықтар

15 шілде 2011

Бөлісу…

Қазіргі уақытта Қазақстанның алдында әлемнің бәсекеге қабілетті 50 мемлекетінің қатарына кіру жөніндегі айбынды міндет тұр. Біздің Мемлекет басшысы қойған осынау міндеттің жеделдете шешілуі отандық экономиканы табысты жаңаландыруға және жаңадан жоғары технологиялы салаларды құруға байланысты екендігі айдан анық. Осынау мақсаттарға жету жолында қазақстандық ғылым баға жеткісіз жәрдемін тигізуде. Осыған орай соңғы кездерде ғылымды қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюы да тегін емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей: «Ғылым мен инновацияны екінші кезекке қойған ел бірде-бір салада бірінші орынға шыға алмайды».

Қазақстанды инновациялық дамытудың маңызды ресурсы дербес ғарыш жобаларын әзірлеу және іске асыру болып табылатындығына Ұлттық ғарыш агенттігіне қарасты «Ұлттық ғарыш зерттеулері мен технологиялары орталығы» (ҰҒЗТО) АҚ ғалымдары барынша сенімді. Биыл Орталық бір топ ғалымдардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін осы замандық ғарыш технологияларын енгізуге қатысты жұмысын Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып отыр. Осынау ауқымды һәм қажырлы еңбек қазақстандық ғалымдар мен мамандардың ғарыш саласындағы қызметінің шамамен 15 жылын қамтиды. Жұмыс байқауға қатысу үшін кідіріссіз жіберілді. Енді тек ол білікті комиссия тарапынан лайығымен бағаланады деп үміттену ғана қалды.

Әлбетте, отандық ғалымдардың еңбегін мемлекеттің бағалауы олардың әрі ғылымды, әрі қазақстандық инновациялық экономиканы дамытуға қосқан елеулі үлестері тұрғысынан алғанда әбден заңды болар еді. Өйткені, ғарыш саласының мамандары ғылым үшін ең бір қиын жылдарда да іргелі және қолданбалы ғарыш технологияларын зерттеу жөніндегі белсенді жұмысты ешқашан тоқтатқан емес. Сонымен бірге бүгінгі таңда олардың күш-жігерінің арқасында, іс жүзінде тақыр жерде, ешкімнің көмегінсіз республикада мүлдем жаңа ғылыми бағыт құрылып отырғандығын атап көрсетеміз. Ол бағыт – Жерді қашықтан зондылау (ЖҚЗ) және ғарыштық мониторинг жүргізу мәліметтерін пайдалана отырып, Жерді ғарыштан зерттеу.

Жерді қашықтан тексеріп барлау жүйесін құру жөніндегі бағдарлама Ұлттық ғарыш агенттігінің Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарлама бөліміне енгізілген 4 жобаның бірі болып табылады. Қазақғарыштың басқа да жобаларымен қатар оны да іске асыру республика экономикасына индустриялық-инновациялық секторды дамыту міндеттерін шешу орайында қосымша серпін берері сөзсіз.

Ғарыштық мониторингтің отандық жүйесін кеңінен енгізу қазақстандық экономиканың бірқатар салалары үшін тұтасынан барынша тиімді жемістер беруге қабілетті. Бүгінгі таңның өзінде шетелдік жерсеріктер мәліметтерін пайдалану және оларды дұрыс оқи білу біздің елімізге мұндай мүмкіндігі жоқ мемлекеттер алдында сөзсіз артықшылықтар беруде. Әлемде 93 елдің өздерінің жерсеріктері бар. Бірақ біздің отандық жүйе  АҚШ, Еуроодақ, Бразилия, Австралия, Аргентина, Ресей, Қытай және Үндістан сияқты танымал көшбасшылармен қатар ауылшаруашылық өндірісіне ғарыш мониторингін жүргізетін  ұлттық жүйелердің әлем бойынша үздік тоғыздығына кіреді.

Орбитаға ЖҚЗ қазақстандық жерсеріктерін шығаруға орай ғалымдар суреттерден жарты метрден сәл артығырақ көлемдегі нысандарды ажырата алады деген болжам айтылуда. Әзірге бір километрден бес метрге дейінгі суреттермен жұмыстар жүргізілуде. Әйткенмен, бүгінде ЖҚЗ мәліметтерін өңдеудің қазақстандық мамандар әзірлеген әдістемелері мен технологияларының көмегімен көптеген кілтипанды мәселелер жиынтығын шешуге болады. Мысалы, Қазақстан сияқты ұлан-ғайыр атырабы бар ел үшін ауылшаруашылық алқаптарының жай-күйін ғарыштан бақылау өте көкейкесті. Ғарыштық технологиялар кең байтақ жазықтарда мониторинг жүргізуге және дәнді дақыл егістігінің жағдайын көруге, шегірткенің пайда болуын немесе құрғақшылықтың туындауын болжамдауға мүмкіндік береді.

Қазақстан аумағында экологиялық ахуалды бақылауда ұстаудың немесе төтенше жағдайларға (өрттер мен су тасқындары) мониторинг жүргізудің мән-маңызы да бір кем емес. Сонымен қатар, отандық әдістемелер көмегімен мұнай-газ кеніштерін пайдалану қауіпсіздігінің түйткілдері шешімін табуда. Сондай-ақ, көмірсутегі шикізаты қорланған ықтимал аймақтарды анықтауға да болады. Сонымен бірге қазіргі уақытта Қазақстан аумағында және соған іргелес аймақтардағы жер қабатының жағдайын зерттеу жөнінде де белсенді жұмыстар жүргізілуде. Өңделген ЖҚЗ мәліметтерінің көмегімен құрылыс саласының да дамуын жоспарлап, қала құрылысын үйлестіре алмақпыз.

2004 жылы есімі өзі жиырма жыл бұрын құрған Ғарыштық зерттеулер институтына берілген академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің бастамасы бойынша қазақстандық ғалымдардың ғарыш суреттерін талдап түсіндіру жөніндегі машықтары мен тәжірибесі ғарыш мониторингінің ұлттық жүйесіне біріктірілді. Енді толыққанды және өзін-өзі қамтамасыз ететін жүйе болу үшін жеке өзінің ғарыш жерсерігі ғана жетіспей тұр. Мұндай жерсерікті жасап ұшыру ғарыш мониторингінің ең қымбат бөлігі болып табылады. Бірақ қазақстандық ғалымдар таяу болашақта бұл түйіннің де оңынан шешілетіндігіне сенімдері зор.

Қазақстанның кең байтақ даласы әлемдік космонавтиканың бесігіне айналды. Нақ сол себептен де біз өткендегі жетістіктерді мақтан етуге хақылымыз. Десек те, өмір өркені бір орнында тұрмайды. Біздің ғарыш индустриясындағы тұғырымыз үнемі жаңа ізденістерді, жаңа биіктерді талап етеді. Ендеше, бүгінде Қазақстанның ғарыш саласы сондай биік белестерге бет алғандығы, мұнда жоғары технологиялы төл технологиялар жасалып жатқандығы, ғылыми негіздің кеңеюі, ауқымды жобаларды жүзеге асыру орайында белсенді жұмыс өрістеуі осы айтқанымызға дәлел болғандай. Алайда, біздің ең басты артықшылығымыз саланың зиялдық әлеуетінің сақталып қалғандығында жатыр. Қазақстандық ғалымдар жұмысының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы осы жағдайдың байыптылығы мен баяндылығын одан әрі айғақтай түскендей.

Михаил Польских.