Жаңалықтар

12 желтоқсан 2014

Жер жүзіндегі барлық тіршілік иесі табынған әрі өмірінің шырағы – Күн. Ол бізге тек жарық пен жылу ғана емес, сондай-ақ, қауіп те төндіреді. Атап айтқанда, Күндегі түрлі жарқылдар арнайы аспаптар көмегімен үнемі бақылануда. Әрине, олардың бәрі Жердегі магнит дауылының себепшісі болмауы да ықтимал. Күндегі қарқынды құбылыстардың көзі оның бізге қарама-қарсы арғы бетінде пайда болуы да мүмкін, сөйтіп, күн плазмасы ағынының үлкен бөлігі Жерге соқпай өтіп кетеді.

Сонымен қатар, егер де Жер жеткілікті мөлшердегі қуат массасына ие тәжді энергиялық шығару көздерінің тікелей «нысанасына» айналған болса, оның салдары өте қауіпті болуы мүмкін. Атап айтқанда, ол цунами мен жер сілкінісі, технологиялық және көліктердің жаппай апаттары, тіпті, адам­дардың инфаркт, инсульт және басқа да ауруларының күрт артуына әкелуі де ғажап емес.

Ал күн шабуылына адамзат баласы төтеп беретін жалғыз-ақ тиімді жол бар. Ол үшін Күндегі жарқылдар белсенділігін алдын ала, дер кезінде болжау және оның салдарларын барынша азайтуға септігі тиетін тиісті шаралар кешенін қолдану керек.

Біздің елімізде Күнді тұрақты түрде бақылау және оның белсенділігін болжау қызметімен Қазғарыштың құрамындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ-қа қарасты. Ионосфера инс­титуты айналысады.

Институт ондаған жылдардан бері Күн-Жер байланыстарын зерттеп келеді. Қажетті жаб­дықтармен қамтылған жо­ғары білікті де білімді кадрлар жинақталған және ғарыштық зерттеулер жүргізу үшін өте қо­лайлы жерде орналасқан инс­титут қазіргі кезде кең көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Бірегей эксперименттік кешен нақты уақыт режімінде ға­рыштық сәулелердің қарқын­дылығын, геомагнит өрі­сінің кернеулігін, Күн радиосәу­ле­лерінің ағыны мен ионо­сфе­раның электронды құрылы­мы­на диагностика жасауға және болжауға зор мүмкіндік бе­ре­ді. Ғарыш райын болжаудың өзіндік ерекше әдістері үнемі жетілдіру үстінде. Ол жерүсті және ғарыштық жоғары тех­нологиялық жүйелердің жұ­мыс істеуіне кері әсер етуші фак­торлардың алдын алу үшін шаралар қолдануда өте маңызды.

Сондай-ақ, соңғы жылдары Қазақстан аумағы жер қыр­тысының жерүсті-ғарыштық геодинамикалық және гео­физикалық мониторингі жүйе­сін құру қолданбалы ғылыми-зерттеулердің негізгі перспективалы басым бағыттарының бірі болып саналады. Бұл зерт­теулердің нәтижелерін жүзе­ге асыру және тәжірибе жүзінде қол­дану жер қыртысы мен ­атмо­с­ферада болып жатқан гео­ди­на­микалық және геофизикалық үрдістерді бақылауға, жер қа­баты телімдерінің кернеулі-деформацияланған күйі динамикасы мен механизмін зерттеуге оң әсерін тигізеді. Және де ғалым-физиктердің жер сіл­кінісін болжауға, Солтүстік Кас­пий аумағында минералды рес­урстарды игеруге байланыс­ты геологиялық ортаның өзге­руі салдарынан болатын техноген­ді апаттарды болжаудың кешен­ді жүйесін құруға жол ашады.

Жер серігі геодезиясы, Жер­­ді қашықтықтан барлау (ЖҚБ), басқа да геодезиялық әдіс­тер дерек­терін пайдалану арқы­лы та­биғи-шаруашылық жүйе­ле­рінің, өнеркәсіптік агло­ме­ра­циялардың, дамыған аумақтар­дың, бірінші кезекте Астана және Алматы қалала­рының жағдайын бағалау мен болжау үшін арнайы маман­дандырылған карталар құру туралы да айтқанымыз жөн. Себе­бі, бүгінгі таңда жөн­сіз жүргі­зіліп жатқан зәулім құрылыстар тұрғысынан алғанда және олардың топыраққа әсер етуі тарапынан да өте маңызды мәселе болып отыр.

Институт ғалымдары қазіргі заманғы ғылыми ой-өрістің алдыңғы қатарында болуға әркез ұмтылады. Алайда, бұл үшін заманауи техникалық базаның да болғаны қажет, ал институттағы жабдықтар өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бері пайдаланылып келеді. Шетелдік әріптес­тер техникалық жабдықталу жағынан осы уақыт аралығында әлдеқайда алға түсіп кетті. Ғылыми деректердің сенімділігі мен өзектілігі тұрғысынан халықаралық ынтымақтастық бойынша барынша мүдделік танытамыз десек, эксперименттік-техникалық салада да бір дең­гей­де болғанымыз орынды сияқты.

Оның үстіне маңызды ғы­лыми әзірлемелер де жеткілікті мөлшерде қаржыландыруды талап етеді. Егер тиісті көлемде қаражат бөлінсе атқаратын жұ­мысымыздың ауқымын кеңей­тіп, түпкі нәтижесін беретін­дігі сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қазақ­станда ғарыш саласының қа­рыштап дамуын үнемі назарында ұстап, қамқорлық көрсе­тіп келеді. Бұл орайда, ғарыш қызметі бағдарламасы бекітіл­ді. Соның нәтижесінде қаржы­ландыру жағынан да, кадрлармен қамтамасыз етілуі жағынан ең жоғары деңгейге көтерілді.

Ендеше, ғарыш ғылымы, оның ішінде қолданбалы және іргелі ғылымдар қамқорсыз қал­­майды және Үкімет тарапы­нан қолдау табады деген сенім ұялатады. Қамқорлықтың қа­шан­да нақты қайтарымы бола­тындығы белгілі.

Ален АСҚАР.