Жаңалықтар

23 желтоқсан 2014

Қазақстанның ғарыш саласы үшiн биылғы жыл маңызды оқиғалар­ға бай болды. Жердi қашықтықтан барлаудың орта және жоғары ше­шiмдегi екi жер серiгi ұшырылды, “Қазсат-2” жер серiгi табысты жұмыс iстеп жатыр және оның қызметiн пайдаланып отырмыз, “Қазсат-3” ұшырылып, тестiлеу сынақтары өткiзiлуде. Сөйтiп, елiмiз толыққанды жер серiгi топтамасына ие болып отыр, яғни экономикамыз бен қауiпсiздiгiмiздiң мүддесi жолында ғарыштық технологияларды пайдалану саласында тәуелдiлiктен арыла бастадық. Алайда жеке дара ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелер болмаса, сатып алынған кез келген технология бiздiң ойымыздан шыға бермейтiнi бәрiмiзге белгiлi, себебi сатып алған жағдайда бiз толығымен сатушыға немесе жеткiзiп берушiге тәуелдi боламыз. Сондықтан елiмiзге қажеттi негiзгi бағыттарда өзiмiздiң жеке ғылыми зерттеулерiмiздi дамытудың маңызы орасан зор. Бүгiнгi күнгi қазақстандық ғарыш саласының жағдайы қандай, биыл­ғы аса күрделi жылды ол қандай нәтижелермен аяқтап отыр? Осы сұрақтармен бiз “Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы” акцио­нерлiк қоғамының президентi, физика-математика ғылымдарының докторы, “Құрмет” орденiнiң иегерi, академик Жұмабек Шабденамұлы Жантаевты сөзге тарттық.

– Бiздiң Орталық Инвестициялар және даму министрлiгi Аэроғарыш комитетiнiң құрамында жұмыс iстейдi. Бiздiң мiндетiмiз – Қазақстан Республикасында ғарыш қызметi­нiң ғылыми-технологиялық дамуын қамтамасыз ету. Жұмыста iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламалары бойынша жүргiзiледi. Негiзгi бағыттар – ғарыштық техника мен технологияларды құруды ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету, Жердi қашықтықтан барлау деректерiн қабылдау және өңдеу, жер қыртысындағы геодинамикалық және геофизикалық құбылыстар мен үрдiстердiң жер­үстi-ғарыштық мониторингi, белгiлi қасиеттерi бар жаңа материалдар жасап шығару, ғарыш ауа райы мониторингi мен болжаудың көпдеңгейлi жүйесi және Күн-Жер жүйесiн­дегi физикалық үрдiстер, астрофизикалық зерттеулер. Сондай-ақ бiз ғарыш саласының кадрларын қайта дайындауды және олардың бiлiктiлi­гiн арттыруды да қамтамасыз етемiз. Өзiңiз көрiп отырғандай, бағыттарымыз да, мiндет­терiмiз де өте көп, сондықтан мен жұмысымыздың iшiн­де­гi ең негiзгi нәтижелерге тоқталып өтемiн.

Орталық қызметiнiң негiзгi мiндеттерiнiң бiрi – ауыл шар­уашылығы өндiрiсi мен төтенше жағдайлардың ғарыштық мо­ни­­торингi мiндеттерiн шешу олар – су тас­қындары, судың жайылуы, өрттер, Каспийдiң мұнаймен ластануы. Бiз бұл мәселелермен 20 жылдан астам уақыт айналысып келемiз және бүгiнгi күнi айтулы табыстарға жеттiк, жоғары деңгейде сапалы жұмыс атқарудамыз. Биылғы жылы төтенше жағдайлар ғарыштық монито­рин­гiнiң 16 аумақтық ситуация­лық орталығын құру iсi аяқталды, олар жер серiктерi дерек­те­рiн тақырыптық өңдеуге арналған заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұның бәрi тiкелей төтенше сипаттағы жағдайларда, яғни су тас­қыны, өрт кезiнде жедел әрекет ету, олардың алдын алу және салдарын жою мақсатында өте маңызды. Осы мақсатта, ғарыштық суреттер, рель­ефтiң сандық моделi, гидрометеорологиялық ақпараттар негiзiнде, болашақ қауiп-қатерлердi бағалаудың геоақпараттық технологиялары әзiрлендi. Демек, бiз ТЖ органдарына жоғарыда аталған жағдайлармен күресу ғана емес, оны болдырмау үшiн алдын ала әрекет етуiне мүмкiн­дiк беремiз.

Мұнай төгiлуiнiң және онымен ластанудың қатерi аса жоғары болып саналатын Каспий теңiзi үшiн аумақтық табиғи жағдайларына бейiмдел­ген бағдарламалы кешен әзiр­ленген, бұл бағдарлама жер серiгiнен алынған бейнелер­дi пайдалану арқылы теңiз бетiн­дегi мұнай дақтарының қозға­лы­сын модельдеуге мүмкiндiк туғызады. Мұнай дақтарының теңiзге таралуы және уақыт өте келе олардың өзгерiсi туралы кеңiстiктiк және уақытша ақпараттар негiзiнде ластану көздерi мен себептерiн анықтау мүмкiндiгi бар.

Ауыл шаруашылығы мүдде­лерi үшiн республиканың ас­тық себушi облыстарында астық дақылдарының өнiмдi­лiгiн, егiстiк зиянкестерiнiң пайда болуын, саңырауқұлақ ауруларымен залалдануын болжау бойынша үлкен жұмыс ке­шенi жүргiзiлуде. Жер серiкте­рiнiң көпжылдық де­ректерi негiзiн­де құрғақшылықты бақылау, талдау және болжау жұмысы атқарылып келедi.

Құбырлардағы техногендi апаттар мен iрi ақаулардың алдын алу мақсатында, оларды анықтау мен автоматты жiктеу­дiң геоақпараттық технологиялары мен әдiстерiн пайдалану арқылы, “қатер-талдау” модельдерi әзiрленген. Бұл құбырлардың оқшау, жеке нысандарында диагностика және жөндеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде басты назар аударылатын телiмдердi анықтауға мүмкiндiк бередi. Осындай әзiрлемелер су қоймалары мен гидроқұрылыстарға арналып, Көксарай су қоймасы мысалында жүргiзiлген.

Соңғы уақытта бiз әзiр­леп жатқан, болашағы зор бағыттардың тағы бiреуi – Қазақстан аумағы жер қыртысының жерүстi-ғарыштық геодинамикалық және геофизикалық мониторингi жүйесiн құру. Бұл зерттеудiң нәти­желерiн iс жүзiнде қолдану жер қыртысы мен атмосферада болып жатқан геодинамикалық және геофизикалық үр­дiстердi бақылауға, жер қыртысының жекелеген телiмде­рiндегi кер­неулi-деформацияланған күй­дiң динамикасы мен меха­низ­мiн зерт­теуге жағдай тудырады және барлық ға­лым-геофизиктердiң арманы болған жер сiлкiнiсiн алдын ала болжауға барынша жақындата түсуi әбден мүмкiн.

Солтүстiк Каспий аумағының минералды ресурстарды қарқынды өндiру аудандарындағы геологиялық ортаның өз­герiстерiне байланысты тех­но­гендi апаттарды болжау­дың кешендi жүйесiн құру көзделуде.

Сондай-ақ iрi табиғи-шар­уашылық жүйелерiнiң, өнер­кә­сiптiк агломерациялардың, дамыған аумақтардың, бiрiншi кезекте Астана және Алматы қалалары аумақтарының күйiн нақты бағалау және болжау бойынша мамандандырылған карталар жасау туралы да әңгiме жүргiзiлуде. Мұндай карталар жер серiгi геодезия­сы, Жердi қашықтықтан барлау, басқа да геофизикалық әдiстер деректерiн пайдаланып жасалады, бұл, әрине, зәулiм үйлердiң топыраққа тигiзетiн әсерiн есепке алмай, бейберекет құрылыс жүр­гi­зiлетiн бiздегi мегополистер үшiн аса маңызды. Осы мәселелер бойынша бiз Астана және Алматы қалалары әкiм­дiк­терiмен ынтымақтасып жұ­мыс атқарамыз. Зерт­теудiң дәл осы бағыттары, сейсмологиялық деректермен бiрге, көмiрсутегi кен орындарының орналасу көздерiн болжауға да мүмкiндiк бередi.

Бiздiң Орталықта мате­риалтану немесе белгiлi қа­сиет­терi бар құрылымдық материалдар жасап шығару бойынша зерттеулер жүргiзу бағыты бар. Бұл не үшiн керек? Бүгiнгi таңда Қазақстан ға­рыштық аппараттарды өзi жасамайды. Бiрақ бiздiң елордамызда, Қазғарыштың стратегиялық әрiптесi “Arian Space” компаниясы жеткiзiп беретiн жинақтаушы бөлшектерден ғарыштық аппараттар жинау бойынша жинау-сынау кешенi салынып жатыр. Ал осы шеттен келетiн жинақтаушы бөл­шек­тердi уақыт өте келе “темiр­ден” (шыңдығында, бұл ешқандай да темiр емес!) өзiмiз жасап шығарғанымыз аса маңызды емес пе? Оны iске асыру үшiн өзiмiздiң дербес ғылыми және инженерлiк әзiрлемеле­рiмiз, сондай-ақ арнайы құрылымдық материалдарымыз болуы тиiс.

Мұндай материалдарды бiздiң металлургия өнеркәсiбi өндiрiп шығаруы тиiс. Және олар болашақта түрлi салаларда қолданылатын болады – тек ғарыш саласы ғана емес, сонымен қатар авиацияда, машина жасау салаларында.

Осындай материалдарды өндiру технологиясын бiз әзiр­ледiк, атап айтқанда, қоспалаушы қосымшалары бар формасы өзгерген магний құймаларының кейбiр үлгiлерi. Мемлекеттераралық стандарттар­ға сәйкес осы құймалардың технологиялық нұсқаулықтары әзiрлендi. Бұл инновация­лық қызметтi дамытуды, бәсекеге қабiлеттi өнiм шығаруды қамтамасыз етедi.

Қазiрдiң өзiнде Қазақстанда қолданыла бастаған бiздiң әзiрлемелердiң тағы бiреуi жоғарыдәлдiктi жер серiгi навигациясы жүйесi (ЖЖНЖ) болып табылады. “Қазақстан Ғарыш Сапары” ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша бiздiң Орталық дефферен­циалды реттеудiң 50 станциясын әзiрледi және дайындады, олар “Глонасс” және “GPS” навигациялық жүйелерi дабылдарын, сондай-ақ басқа да деректердi пайдалану арқылы жергiлiктi жердегi орналасу нүктелерiн бiрнеше сантиметр, тiптi бiрнеше миллиметрге де­йiнгi дәлдiкте анықтау мүмкiн­дiгiне ие. Бұл жүйе қазiргi уақытта геодинамикалық және геофизикалық мiндеттер ке­ше­нiн шешу үшiн елiмiзде қолданылуда және оны басқа да салаларда пайдалану мүм­кiндiктерi бар.

Апат пен зiлзала жағдайында шұғыл шақыру жүйесi мен қызметiнiң техникалық бөлiмiн дайындау бойынша жұмыс кешенi орындалды – “ЭВАК”. Алдымыздағы жылы жол көлiк­терiнiң қауiп­сiздiгi туралы Кедендiк одақтың техникалық регламентi ережелерi күшiне енедi, оған сәйкес барлық жа­ңа көлiк­терге апат жағдайында қа­жеттi шұғыл шақыру жүйесi орналастырылуы тиiс. Бұл, бiрiншi кезекте, халықаралық жолаушылар көлiгi мен қауiптi жүктер тасымалдаушы автокө­лiктерге қатысты. Неге бұлай деп түсiндiрiп жатудың өзi артық болар, себебi адамдардың қауiп­сiздiгi бiрiншi кезекте тұруы тиiс. Қазiрдiң өзiнде бiз өнер­кә­сiптiк өндi­рiс­ке арналған қажеттi аспаптардың үлгiлерiн әзiрлеп, дайындап қойдық. Дайындалған жүйелер мен аспаптарды өндiрiске енгiзу мемлекеттiң еншiсiнде.

Өндiрiске енгiзiлген ғылыми және инженерлiк әзiрлемеле­рiмiз көп. Мысалы, Апаттар медицинасы орталығы трассалық қызметiнiң 25 көлiгiне “ойлау трекерлерi” орнатылды, ол тәулiктiң кез келген уақытында көлiктiң орналасу орнын анықтап қана қоймай, қозғалыс кезiнде науқастың қан тамырының соғуы, қан қысымы және басқа да физиологиялық пара­метрлерi туралы 112 қызметiне хабарлап отырады, жанармай шығынын бақылайды, “жедел жәрдем” кабинасындағы әңгi­менi жазып алады. Ал Алматы жылу тораптарының қажеттiлiгi үшiн 1200 артық модемдер дайындалды және орнатылды, олар үй­лердегi жылы судың пайдалануын қашықтықтан бақылауға мүмкiндiк бередi.

Сонымен бiрге тек қана ғарыш аппараттарына арнал­ған кейбiр аспаптардың өнер­кә­­сiп­тiк-сынақ үлгiлерi дайындалған, мысалы, ғарыш аппаратының кеңiстiкте бағдар алуына мүмкiндiк тудыратын жұл­дызды датчиктiң үлгiсi. Мұн­дай аспаптар шетелде мил­лиондаған доллар мен еуро тұрады...

Мұның бәрi, былайша айтқанда, “қолмен ұстап, көзбен кө­руге болатын” жұмыс және осының бәрi де бүгiннiң өзiнде мемлекетке, экономикаға жә­не қоғамға пайдасын тигiзiп отыр.

Бiрақ қарапайым адамдардың көзiне көрiне бермей­тiн зерттеу бағыттары да бар, кейбiреулерде «Қазақстанда мұндай нәрселермен айналысудың қажетi не?» деген сұ­рақ та туындайды. Айтайын деп отырғаным – астрофизикалық зерттеулер, алыс және жақын ғарышты – Айды, Күн­дi, Күн жүйе­сiнiң планеталарын, жұл­дыздар мен галактикаларды бақылау.

Шындығына келсек, астрономиялық зерттеулерге табыс алу көзқарасы тұрғысынан қарау мүмкiн емес. Алайда, бәрi де бiз ойлағандай қарапайым, оңай жай емес. Табиғаттың, дүниетанымның iргелi заңдарын зерттемей жатып ғылыми iлiмдi iс жүзiнде қолдану саласында iлгерi жылжу мүмкiн еместiгiн көп адамдар түсiне бермейдi.

Барлық ғарыштық құбылыстар – жер төңiрегi кеңiстiгiнен жалпы ғаламға дейiн – қазiргi заманғы ғылымның жетiстiк­терi негiзiнде түсiндiрiледi, ғарышты зерттеуде кең қолданыс табады, себебi Жердегi ашыл­ған физикалық заңдар ғарыш тереңiнде де өз күшiн сақтайды. Ғарыштық кеңiстiк, Ғалам бiртұтас физикалық нысан болып табылады.

Ғаламдағы болып жатқан құбылыстарды жердегi зертханалардың ешқайсысында, тiптi атақты андронды коллайдерде де қайталаудың мүмкiн­дiгi жоқ! Ал мұндай тәжiрибе­сiз бiрде-бiр заманауи техникалық немесе электронды құрылғы ойлап табу да, дайындау да мүмкiн емес.

Қазақстанның мақтанатын жерi де бар – бiздiң ғалымдар әлемдiк ғылымға айтулы үлес қосты. Айтпақшы, бiздiң тарихымыздың кiшкентай ғана бiр мысалы: қазiргi “Розетта” зонты мен “Фила” модулi зерттеп жатқан Чурюмов-Герасименко кометасы бiздiң Астрофизикалық институтта ашылған. Және бүгiнгi күнi осы миссияның көмегiмен дүниежүзi қауымдастығы Жердегi өмiр­дiң қалай пайда болғаны туралы жауап күтiп отыр.

Соңғы жылдары бiз бақылау жабдықтарын жетiлдiру бойынша маңызды жұмыс ат­қардық, және ол жабдықтардың едәуiр ескiргенiн мойындауымыз керек. Олармен жұ­мыс iстеу де қиындықтар тудырады. Тянь-Шань обсерваториясындағы бiздiң диаметрi бiр метрлiк екi телескоп толық автоматты режiмде және қашықтықтан барлау мүмкiндi­гi­мен жұмыс iстеуде. Еуропа мен Азия арасындағы үлкен бойлықты жауып отырғаны себептi бiздiң обсерваториялар халықаралық астрономиялық қауымдастық үшiн аса маңызды екенiн баса атап өтуiмiз керек. Мұның барлығы да қалаға өте жақын және заманауи көлiк инфрақұрылымымен қамтамасыз етiлген. Оның үстiне олар жақсы агроклиматты орындарда орналасқан, ал олардың бiреуi –  Ассы-Түр­ген үстiртiндегi обсерватория – ең қолайлы бақылау аймағында орналасқан.

Мiне, дәл сол жерге бiз айнасының диаметрi 3,6 метрлiк жаңа үлкен телескоп орнатуды жоспарлап отырмыз. Белгiлi еуропалық фирмамен келiсiм жасалған, техникалық-экономикалық және қаржы-экономикалық құжаттар әзiрленген. Әрине, сомасы да едәуiр –60 миллион еуро шамасында. Бiрақ телескопты жеткiзу және төлем жүргiзу шарттары да өте қолайлы – 10 жылға дейiн ұзарту ұсынылып отыр. Егер бiздi мемлекет қолдайтын болса, Қазақстан жетекшi астрономиялық елдердiң қатарына қарышты қадамдармен кiрген болар едi. Ең бастысы, “астрономия” мамандығы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарын бiтiрiп шығып жатқан жас мамандарға заман талабына сай, жоғары-технологиялы жабдықтар қажет. Сондай болған жағдайда ғана, тамаша және романтикалы кә­сiпке жас мамандардың қызығушылығы оянады және ол уақыт өткен сайын нығая түседi.

Тағы да бiр аспект: осы    жу­ық арадағы Челябинск метео­ри­тiнiң “басқыншылығы” ға­рыштық қауiпсiздiк фантасттарының ойдан шығарылған нәрсесi емес, бүгiнгi күннiң нақ­ты шындығы екенiн көр­сет­тi. Сондықтан дәл қазiргi кезде ғарыш ғылымының дамуына, бiрiншi кезекте, оның бақылау базасына бөлiнген қаражат көп мәселелердi шешедi, Қа­зақстан осы салада, же­текшi ғарыштық саласы дамыған елдермен бiр қатарда, толыққанды әрiптес бола алады және өз үлесiн қосуы мүмкiн.

Ал iргелi ғылыми зерттеулер адамзат баласы үнемi пайдалана алатын өте маңызды нәтижелер беруi мүмкiн. Бұл жерде Күн және оны үнемi бақылау қажеттiлiгi туралы сөз болып отыр.

Жер жүзiндегi барлық тiр­шiлiк иесi табынған, бiздiң жарық аспанымыздың шырағы – Күн, бiзге тек жарық пен жылу ғана емес, сондай-ақ қауiп те төндiредi. Атап айт­қанда, Күндегi түрлы қарқындағы жарқылдар жоғарытехнолологиялық жүйелерге – жер серiктерiне, байланыс жүйеле­рiне, энергетикаға, электронды аспаптарға қауiптi болуы мүмкiн, сондықтан олар арнайы аспаптар көмегiмен үнемi бақылануда. Әрине, олардың барлығы Жердегi магнит да­уылының себепшiсi болмауы да мүмкiн, ал Жер жеткiлiктi мөлшердегi қуат массасына ие тәждi энергиялық шығару көздерiнiң тiкелей “нысанасына” айналған болса, оның салдары өте қауiптi. Атап айтқанда, ол цунами мен жер сiлкiнi­сi, технологиялық апат, көлiктердiң жаппай апаттары, тiптi адамдардың инфаркт, инсульт және басқа да ауруларының күрт артуына алып келуi әбден мүмкiн.

Мұндай күн шабуылына адамзат баласы төтеп беретiн жалғыз-ақ тиiмдi жолы бар: Күндегi жарқылдар белсендi­лi­гiн алдын ала, дер кезiнде болжау және оның салдарларын барынша азайтуға септiгi тиетiн тиiстi шаралар кешенiн қолдану. Бiз, мiне, осылармен айналысамыз. Бiз ғарыш ауа райын болжаудың бiрегей әдiстерiн әзiрледiк, шетелдiк жетекшi әрiптестермен тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз.

Алайда, аталған бағытта әрқашан биiктен көрiну үшiн, сенiмдi деректер алып, шетел­дiк әрiптестердiң қызығушылығын арттыру үшiн (ал ғылым тек өзара қатынас пен халықаралық ынтымақтастық нәтижесiнде ғана дамуы мүм­кiн) яғни әрi қарай өркендеп даму үшiн лайықты, заман талабына сай техникалық база қажет. Ал олар бiзде ондаған жылдардан берi пайдаланылып келедi... Бiздiң шетелдiк әрiптестер осы уақыт iшiнде техникалық жарақтану тұрғысынан едәуiр алға кетiп қалды және бiздiң олармен теңесуi­мiз, соларға эксперименттiк-техникалық тұрғыдан сәйкес болуымыз жылдан-жылға қиындап барады.

Елiмiздiң президентi Нұр­сұл­­тан Әбiшұлы Назарбаев отандық ғылымды жан-жақты қолдау туралы үнемi айтып келе­дi, ал бiз осы мәселеде үкi­меттiң қолдауы болатынына сенемiз.

Ғарыш ғылымы, оның iшiн­дегi қолданбалы және iргелi ғылымдар да мемлекеттiң тiре­гiнсiз және қолдауынсыз қалмайтынына және Қазақстан тек өткенiмен ғана емес, бiздiң ғалымдардың жаңадан ашқан жаңалықтарымен де мақтана алатынына мен сенемiн.

Ален Асқар.

“ҰҒЗТО” АҚ 10 жылдығына арналған ғылыми-тәжiрибелiк конференция қатысушылары Қазғарыш төрағасы, ұшқыш-ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Ресей Батыры Т.А.Мұсабаевпен бiрге (2014 жылғы 14 наурыз, Алматы қаласы).

http://www.zhasalash.kz/suhbattar/13682.html?lang=kz