Жаңалықтар

29 қазан 2015

Айдын-1

Қазақтың арасынан шыққан үш ғарышкердің бірі, Халық Қаһарманы Айдын Ақанұлы Айымбетовтің көк жүзінен абыроймен оралғаны баршамызға белгілі. Өзінің батыр ұлын ақ тілегімен шығарып салып, шынайы пейілімен қарсы алған ел-жұртымыздың оған деген ыстық ықыласы әлі де сол қалпында. Ол өзгермек емес. Өйткені, біздің халық өзінің бағына туған ұлдарына деген құрметін азайтпаған.

Біз сәті түсіп, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың жемісті де жеңісті жолын жалғастырған ғарышкер Айдын Айымбетовпен әңгімелесудің ретін келтірген едік. Ендеше, сол әңгімеге назар аударыңыздар.

– Айдын Ақанұлы, ғарышкер болуды бала кезден мақсат еттіңіз бе, әлде, бұл салаға өсе келе мойын бұрдыңыз ба? Жалпы, сізді ғарышкер болуға не итермеледі?

– Бала кездегі армандардың жөні бөлек қой. Қиялға беріліп, талай мамандықтың иесі болуды тіледік. Алайда, солардың ішінде «ұшқыш, ғарышкер болсам» деген ой жаныма жақын болды. Жүре келе бұл тілегім жан дүниемді баурап алып, алға жетелей түсті. Ұшқыр қиял, балаң көңіл мені осы салаға тартты да тұрды. Оның үстіне аспан әлемінің сан түрлі құпиясын білуге деген құштарлығым да иектеп алды. Шынымды айтсам, біздің бала кезімізде Юрий Гагариндей ғарышқа ұшуды көксемеген жас кем де кем болған шығар. Адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Гагариннің көкке көтерілуі үлкен жаңалық болды. Бұл Кеңес Одағының ең басты жетістіктерінің бірі ретінде қарастырылды. Сондықтан да Гагарин ерлігінің насихатталуы кең көлемде жүргізілді. Бұл өз кезегінде біз секілді жас балаларға өте қатты әсер етті. Міне, осылайша, менің ғарышкер болсам деген арман-тілегім жүрегіме нық орнады.

Содан 1989 жылы Талдықорған қаласында мектепті өте жақсы бағамен бітіріп, Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесіне оқуға түстім. Оны ойдағыдай бітіріп келген соң еліміздің қорғаныс саласында жұмысқа кірістім. Алғашқыда Жамбыл облысы Луговой стансасындағы №64207 әскери бөліміне ұшқыш болып бардым. Содан кейін Талдықорғанға ауыс­тым. Мұнда талай ұшақтармен көкті шарлап, білімімді, тәжірибемді молайттым. Л-39, Миг-23, МиГ-23МЛД, Миг-27, Су-27 ұшақтарын басқаруды жақсы меңгердім. Бұл ұшақтардың барлығы да әуе қорғанысы жүйесінде үлкен маңызға ие болатын. Міне, өмірімнің осы баспалдақтары мені басты арманымның орындалуына жақындата түсті деп есептеймін. Бұл ұшулар мені ең бастысы, төзімділікке, салмақтылыққа үйреткенін де айта кетейін.

Осы арада сәл шегініс жасайын. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін бітіріп келген бойда ғарышкер болуға талаптанып, тиісті орынға құжат тапсырдым. Бірақ, жолым бола қоймады. Тағдырдың менен әлі де шыңдала түсуімді талап еткені болар, кім білсін? Дегенмен, 2001 жылдың маусымында ғарышкерлікке үміткер ретінде тіркелдім. Бұл менің өмірімдегі үлкен жаңалық болды. Өйткені, жігерлене түстім. Ғарышкер деген атақты алмасам да, жай ғана үміткер болудың өзі көңілімді көкке көтерді, жігерімді жаныды. Үміткер ретінде тізімге ілінген күні әйелдер арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер Валентина Терешковамен таныстым. Онымен танысуымды жақ­сы­лыққа баладым. Осылайша, балалық шақтан жаныма серік еткен арманымды аялай жүріп, бүгінге жеттік.

– Өзіңіздің өскен ортаңыз жөнінде де біле отырсақ.

– Талдықорған қаласында туып-өстім. Жер жәннаты Жетісудың төсінде ор­на­ласқан Талдықорғанның ауасын жұтып, суын ішіп, ержеткенімді мақтан етемін.

Ешқандай ата-ана өз баласын жаман болсын демейді. Қарапайым тіршілік еткен әке-шешеміз біздерді адамдыққа тәрбиеледі. Елімізді сүюге, жеріміздің қадір-қасиетін білуге үйретті. Жалпы, мен өскен ортаның тәрбиесі өте жақсы болды. Қазір сол тәрбиенің қызығын, рахатын көріп жүрміз.

– Айдын Ақанұлы, сіз ғарышқа ұшу мақсатында 12 жылдан астам уақыт дайындалдыңыз. Осы аралықта сіздің жүрегіңізде арманыңыздың орындаларына деген сенім басым болды ма, әлде күдікке көп бой алдырдыңыз ба?

– Әрине, әрбір адамның бойында келешекке деген берік сенім болмаса, өмір өткелдерінен жол тауып, көздегеніне жетуі қиын. Ғарышқа ұшуды мақсат етіп өткізген сол бір жылдарда менің бойымда сенім күші ортайған жоқ. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақ елі тұрғанда үмітсіздікке бой алдыруыма құқым жоқтай көрінетін. Дегенмен, адам – ет пен сүйектен жа­рал­ған пенде. Тағдырымыз бір Алланың қолында. Сондықтан, бір қырсыққа, тосыннан киліккен әлдебір келеңсіздікке тап болып қалмасам жарар еді дегендей ішкі қауіпте болмай қалған жоқ. Бәрі де артта қалды. Шамам келгенше ел үмітін ақтағандай болып жүрмін.

– Ғарышкерге ең басты қандай талаптар қойылады?

– Біріншіден, мықты денсаулық керек. Онсыз ғарышкер атану мүмкін емес. Өйткені, ағзада қандай да бір кінәрат болса, оның өзі сын сағаттарда түрлі жағымсыз оқиғаға апарып соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан да тәннің саулығы бірінші кезекте тұрады. Одан кейін, төзімділік, салқынқандылық, мол тәжірибе, біліктілік және тағы да басқа жағдайлар талап етіледі. Ғарышқа ұшқан адам ол жаққа жай ғана барып-қайтуға жіберілмейді ғой. Оған нақты, ауқымды ғылыми міндеттер жүктеледі. Ол сол істерді жауапкершілікпен жүзеге асыруы керек. Сол үшін де ғарышкердің ғылыми зерттеу жүргізе алатындай білімді, сауатты болуы қажет екені белгілі.

– Сіз ғарышта жауапкершілігі мол міндеттерді орындауды мақсат етіп ұштыңыз. Нақтылай айтқанда, Қазақ­стан ғылымы үшін  оншақты маңыз­ды зерттеулер жасадыңыз. Олардың ішінде Арал мен Каспий теңізінің, шаңды дауылдар мен мұнайдан ластанған аумақтардың ахуалын бақылау шарасы да болды. Сондай-ақ, бұл зерттеулердің қазақстандық биотехнология мен биомедицина саласы үшін де пайдасы зор екені айтылуда. Жалпы, сіз бұл міндеттерді жоғары деңгейде орындап шықтым деп ойлайсыз ба?

– Біздің мемлекетіміздің өз ға­рыш­керлерін ұшырудағы түпкі мақсатын терең түсінуіміз керек. Бұл жерде ғарышқа ұшқан қазақ баласының санын көбейту негізгі бағыт емес. Ең бастысы, елімізге, халқымыздың тұрмысына, табиғатымызға, оның экологиясына тікелей қатысы бар ғарыштық ғылыми-зерттеулер жүргізу. Сол үшін де Қазақстан ғарыш саласын игеруге баса назар аударып отыр. Көптеген қаржы бөлінуде. Мұның жемісін нәтижесін әлі-ақ еліміз көреді.

Маған ғарышқа ұшу қарсаңында өте жауапты міндеттер жүктелді. 10 тәулiкке, нақтылай айтсам, 9 тәулiк 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылған сапарымда бiрқатар сынақтар жасалды. Ғарыш ке­ме­сiнiң жүйесiн басқару жұмыстары атқарылды.

Сол жақтан алынған мәлiметтер тер­моядролық энергетика және плаз­малық медицина саласында, жаңа кон­струкциялық және нанокомпозиттiк материалдарды шығаруда пайдаға асады деп күтілуде. Мен мұны үлкен жетiстiк деп санаймын. Ғарыш биомедицинасы және ғарыш биотехнологиясы маңызды жұмыстардың бiрi болып саналатынына ешкім дау айта алмайды. Осы бағыттардың шеңберінде адам физиологиясы институтының ғалымдары ғарышқа ұшу кезiнде ғарышкердiң операторлық жұмыс қабiлетiн, оның күйзелiс жағ­дай­ларындағы психологиялық-физио­логиялық жай-күйiн және олардың ғарышкердiң жұмысына әсерiн зерттеп-зерделеді. Ғарыштағы зерттеу­лерден алынған нәтижелер ағзаның экстремалдық жағдайларға төзiмдiлiгiн бағалауға және ғарышкердi дайындау деңгейiн жетiлдiру бойынша ұсыныстар әзiрлеуге мүмкiндiк беретіні сөзсіз.

Сонымен бірге, экология, қоршаған ортаны қорғау, медицина, биотехнология, телекоммуникация салалары бой­ынша да аса қажетті мәліметтер алын­ды. Бұл өз кезегінде, ең алдымен, еліміз­дің ғарыш техникасы және технологиясы бойынша мамандар шығаратын жоғары оқу орындары үшiн де маңызды дүниелер.

Жалпы, мен Тоқтар Әубәкіров және Талғат Мұсабаев сынды әріптес аға­ларымның жасаған ғылыми-зерттеулерін, эксперименттерін жалғастырдым. Мамандарымыз осы зерттеу жұмыстары нәтижесінде Қазақстанда жоғары теx­нологиялық ғылыми сала үлкен қадам жасады деп есептеуде.

– Айдын Ақанұлы, көк жүзінде табиғи-ресурстық және геофизикалық мониторинг жүргізген сәттерде қандай қиындықтар алдыңыздан шықты?

– Ауыз толтырып айтарлықтай қиындықтар кездесе қойған жоқ. Бәрі де жоспар бойынша жүзеге асырылды. Әрбір істі атқарарда сабырлы болып, білімің мен тәжірибеңді ұштастыра отырып жұмыс істесең, қинала қоймайсың.

– Сіз көкке көтерілген кезде қазақ ғалымдары арнайы ғарышқа дай­ын­даған ұлтымызға тән ас мәзірлерінің қуаттылығы тексерілді деп естідік. Қалай ойлайсыз, келешекте қымыз, құрт, ірімшік, қазы-қарта секілді ұлттық тағамдарымыз ғарыш саласын зерттеу ісінде сұранысқа ие бола ала ма?

– Ата-бабаларымыз тұтынған азық-түлік өнімдерінің қай-қайсысын алсаң да олардың өзіндік ерекше бір қасиетке ие екенін білеміз. Ұлтымызға тән қымыз, құрт, ірімшік, қазы-қарта, жал-жая және тағы басқа да ас-суларымыздың кере­меттілігі, құнарлылығы сан мәрте дәлелденген. Бұл жайында ғалым­дары­мыз да, қарапайым халық өкілдері де айтып, жазып жүр. Осынау ас мәзір­леріміздің артықшылықтарын өзгелер де мойындай бастады. Алдағы уақытта ғарыш саласының ғалымдары бұл мә­­селеде нақты бір шешімге келуі мүм­кін деген үмітім бар. Ал әзірге ғарыш­кер­лердің жоғарыда аталған ұлттық тағам­дарымызға деген көзқарасы өте жақсы.

– Қазақстан ғарыштық держава болуға ниет білдіруде. Сіздіңше, біздің еліміздің бұл мәселеде мүмкіндігі қандай?

– Біздің еліміз ғарышты игеруге батыл қадамдар жасап отыр. Мұны халқымыз қызу қолдайды деп ойлаймын. Бұл мәселені еліміз ойланып, мүмкіндіктерін саралап, оның аса қажеттілігін сезініп барып қолға алғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Аталған салада Қазақстан мен Ресей бірлесе отырып көптеген нәти­желі жұмыстар жүргізіп жатыр. Мұның ең біріншіден екі мемлекеттің Прези­дент­терінің қолдауы арқасында жүзеге асырылып отырғанын ерекше атап өтуіміз керек. Ресей ғарыш саласын зерттеуде үлкен жетістіктерге жеткен ел. Оларда білікті мамандар, озық технологиялар жеткілікті. Біз Ресейдің осынау мүм­кін­діктерін өз мүддемізге сәтімен пайдалана білуіміз керек. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш саласындағы күрделі міндеттерді ресейліктермен бірлесіп орындауға баса көңіл аударып отыр. Оның үстіне, Ресеймен аталған сала бойынша дәстүрлі байланыстарымыз бар.

Адалдық үшін айтуымыз керек, Мемлекет басшысы ғарышты игеруде еліміздің зор әлеуетке ие екенін жанымен түсінеді. Осынау қолда тұрған мүмкіндікті өз мүддемізге сай пайдалану уақыт талабы. Сол үшін де Елбасы бұл бағыттағы жұмыстарды үнемі өз бақылауында ұстап келеді. Әсіресе, елiмiзде ғарыш саласының өркендеп, ондағы жұмыстардың үдей түсуіне Мемлекет басшысының Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы шешiмi басты ықпал еткенiн айтқанымыз жөн.

Осы орайда Елбасының «Көптеген мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да ғарыштағы геосаяси мүдделердің маңыздылығын түсінуге жетті, соның себебінен ғарыш кеңістігін игеру және пайдалану бүгінде ұлттық саясаттың басым жақтарының біріне айналып отыр», деген сөзін еске түсіре кетейін.

Қазіргі таңда елімізде заманауи ға­рыш инфрақұрылымы жасақталды, ға­рыш теxникасының отандық үлгілері көптеп пайда болды. Енді Қазақстанның алдында ғарыш инфрақұрылымын эко­номикалық мәселелерді шешуге кеңінен пайдалану міндеті тұр. Мұны еліміз абыроймен орындайды деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетер мәселе, Елбасымыз мемлекетімізді әлемдегi дамыған 30 елдің қатарына қосуды көздеп отыр. Осы орайда көптеген маңызды, ауқымды, кең өрісті инновациялық жобаларды жүзеге асыру талабы өздігінен туындайды. Өйткені, заман көшіне ілесу үшін осындай міндеттер жүзеге асырылуы тиіс.

Негізінде, әлем бойынша ғарыштық бағдарламалардың барлығы осы инно­ва­циялық жобалар санатына жатқызылады. Ғарыш саласына қатысты ғылымның ал­дыңғы сапында болу өте маңызды. Өйт­кен­і, ғарыштық зерттеу­лер, осы бағыт­та­ғы ілкімді жобалар экономиканың бас­ты салаларын iлгерi жетелейді, алға сүй­рейді.

Қазіргі таңда алдыңғы қатардағы озық мемлекеттер ғарыш ғылымын, ға­рыш өндiрiсiн дамытуды жүйелі түрде күн тәртібіне шығарып, оған өз елдерінің бюджеттерінен қыруар қаржы бөлуде. Біз де осындай бағыттағы жұмыстарымызды тоқтатпай, алға жылжуымыз қажет.

Қазақстан – қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан іргелі мемлекет. Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында Қазақстанды дүниежүзi таниды, құрметтейді, өздерінің сенімді әріптесі санайды. Сондай-ақ, елiмiз Байқоңыр ғарыш айлағымен де жаһанға танымал. Бұл да Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып отыр. Сондықтан, еліміздің ғарышты игерудегі игі істеріне түсіністікпен қарағанымыз абзал.

– Елімізде жас ғарышкерлерді дайындау ісі жөнінде не айтасыз?

– Бұл бағыттағы шаралар басты назарда тұрғанына сенімдімін. Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігі осы мәселеде жоспарлы түрде жұмыс істеп жатыр деп есептеймін. Мемлекеттің қолдауы арқасында қазақтың әлі талай арыстары ғарышқа ұшып, ел даңқын асыратынына үмітім мол.

Қазір, Құдайға шүкір, аталған сала мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары баршылық. Оларға кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Талапты да талантты жастарымыз да көп. Бұлардың келешекте Қазақстанның ғарыш сала­сындағы нағыз майталмандары болатынына сенемін.

– Ғарышқа ұшар сәтте өзіңізді қа­лай сезіндіңіз?

– Пендеміз ғой… Қобалжу болды. Бірақ, жауапкершілік жүгін сезініп, ел алдында мойынға алған міндетті мінсіз атқару қажеттігін терең түсінгенде өзімді өзім іштей жігерлендіре білдім. Соның арқасы болар, қорқынышқа, үрейге бой алдырғаным жоқ. Шын мәнінде, ғарыш сапары іштей мүжілуді, боркеміктенуді жаратпайды. Тек, бар күш-жігерді ойға алған іске жұмылдыру қажет.

– Отбасыңыз жайында айта отырсаңыз?

– Зайыбым Лилия Айымбетова екеуміз Құдайдың берген бір ұл, екі қызын тәрбиелеп отырмыз.

– Ұлыңыз Әмір әке жолын таңдаймын дегендей сыңайда жүрген көрінеді… Сіз оған қарсы емессіз бе?

– Балаларымның таңдауына қарсылық жасамаймын. Өйткені, олардың да өз ойлағандары, ішкі арман-тілектері бар. Сондықтан, боламын деген баланы бетінен қақпай, қайта қолдап-қуаттаған жөн деп білемін.

– Сіз көкке көтеріліп, қайтадан аман-есен жерге оралғаныңызда қуанбаған қазақ жоқ. Халықтың осы риясыз пейіліне орай не айтасыз?

– Қазақтың дархан пейіліне тең келер не бар?! Ғарышқа ұшар қарсаңда басталған ел тілегі қашан жерге қонғанша басылған жоқ. Жұртшылықтың осынау риясыз пейіліне алғыстан басқа не айтарсың. «Көп тілегі – көл» деген осы ғой. Өзіңнің бауырларың, аялап өсірген жұртың саған осыншама дәрежеде қолдау білдіріп жатса, қалай қуанбайсың?

Халықтың шынайы пейілін, ыстық ықыласын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп отырдым. Жұртшылықтың маған айтқан әрбір жылы лебізі мені одан сайын жігерлендіре түсті.

Әсіресе, ғарыштан оралғанымда Елбасының өзі қарсы алғаны көңілімді өсіріп жіберді. Мың сан жұмысы бар Президенттің ағалық мейірімін төге алдымнан шыққаны ешқашан ұмытылмайтын сәттер болып қалды.

Сол кезде Елбасы көтеріңкі көңілмен «Біз ұшу барысын бақылап, әрқайсыңыз үшін алаңдап отырдық. Әрине, қазақстандықтар ел тарихындағы үшінші ғарышкер болған Айдын Айымбетовтің тілеуін тіледі. Оның әлемдегі алғашқы және ірі ғарыш айлағы – Байқоңыр құрылысының басталғанына 60 жыл толғанда ғарышқа ұшуы да айшықты оқиға болды.

Бүгінде Қазақстанның жер серіктері маңызды коммуникациялық және ғылыми-зерттеу қызметтерін атқаруда. Полковник Айымбетов сапар барысында өзіне жүктелген барлық міндетті орындады. Осы мақсатқа бөлінген қаражат ұзақмерзімді келешекте өзін ақтайды және іс жүзінде зор пайда әкелетін болады», – деді.

Елбасымыз батасын беріп шығарып салды, халықпен бірге өзі қарсы алды. Бұл көріністер де санама өшпестей болып жазылып қалды.

– Соңғы сұрақ. Еліміздің бүгінгі даму барысы жөнінде көзқарасыңыз қалай? Ел патриотыретінде ашығын айтыңыз?

– Қазақстанның қазіргі таңдағы жетістіктерімен мақтануға әбден болады. Халықаралық аренадағы беделіміздің күн санап өсіп келе жатқаны, қоғамы­мыздағы тұрақтылық, келешекке деген сеніміміздің нығая түсуі, бәрі-бәрі көңілімізді өсірмей қоймайды.

Бүгінде еліміздің даңқы шар-тарапқа тарап отыр. Экономикалық жетістіктеріміз өте көп. Мұның барлығы ішкі тұрақтылықтың арқасы. Ауыз біршілігі мықты, татулықты ту еткен, ынтымағы пен бірлігі жарасқан ел ғана өз болашағына сеніммен қарай алады.

Халыққа ең бірінші керегі – ты­ныш­тық. Тыныштық бар жерде ел-жұрт өзін еркін сезінеді. Мұның қадірін қазақ баласы терең түсінсе керек.

Қазір естіп, көріп жүргеніміздей, әлемде түрлі келеңсіздіктер, жантүр­шігерлік оқиғалар жиі-жиі орын алуда. Соларға қарап отырып, Құдайға шүкір деймін.

Мемлекет басшысы бағытымызды айқындап берді. Ел тыныштығы қам­та­масыз етіліп отыр. Біз енді тек бірлігімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз керек.

Қазіргі кезде Елбасы ұсынған ірі бағ­дарламалар, ілкімді жобалар, алыс­ты болжаған стратегиялық жоспарлар қолданысқа енгізілді. Мұның барлығы ел болуға, дамыған, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуымызға кепіл болады деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетер жайт, ел бола­шағы – жастарымыздың тәрбиесіне баса назар аударылып келеді. Оларды отан­сүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде жақсы жұмыстар қолға алынып отыр. Осы бағытта атқарылып жатқан шаралар өз жемісі бермей қоймайды.

Қорыта айтқанда, еліміздің бірлігі сақталса, тыныштығымыз бұзылмаса, бақыт та, байлық та біздің төрімізден кет­пейді. Сол үшін де татулықты ту еткен қалпымыздан ажырамай, алға ұмты­лайық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

 АСТАНА