Жаңалықтар

18 сәуір 2012

Ғарыштағы қызметке жоғары техникалық білімі бар мамандар қажет.

Бұл туралы бүгін Астанада Назарбаев университетінің студенттерімен болған кездесуде ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті.

«Біз отрядқа бакалавр деңгейіндегі кадрларды қызметке алмаймыз, кем дегенде кәсіби-магистрлік білімі бар дайын маман қажет. Магистратураны электроника немесе жалпы техникалық мамандық бойынша, негізінен қозғалтқыштар, планерлер, ұшу аппараттары бағытында мамандықтар таңдаған дұрыс», - дейді студенттердің сауалына жауап қайырған Т. Мұсабаев.

Оның айтуынша, алғаш рет ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі құрылған тұста ғарыш саласының жоғары деңгейлі әрі білікті мамандары жоқтың қасы еді. Сол кезде бүкіл әлемнен Кеңес Одағында білім алған бұрынғы кадрлар тартыла бастады. Қазіргі уақытта маман жетіспеушілігі ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясы аясында қамтамасыз етілуде. Алайда оның өзі жеткіліксіз болып отыр. Т. Мұсабаевтың ойынша, келешекте Назарбаев университетінің әлеуеті де бұл салаға оң әсерін тигізуі тиіс.

"Казинформ" 18.04.12