Жаңалықтар

18 сәуір 2012

Қазақстан мен Франция жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерін құрастыруды бастады.

Бұл туралы бүгін Астанада Назарбаев университетінде өткен «Ғарыштағы кездесулер» атты конференция кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті.

«Біз әлемдік деңгейдегі «EADS Astrium» ғарыш компаниясымен бірігіп, жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерін құрастыруды бастадық. Олар өте жоғары санаттағы және деңгейдегі құрылғылар. Оның бірі 1 метрге дейін жердің бетін жоғары ажырату қабілеті бар жерсерік, екіншісі 7 метрге дейін орташа ажырату қабілеті бар аппарат. Бұлар әлемнің 2-3 мемлекетінде ғана кездесетін аса жоғары технологиялар», - деп атап көрсетті ол.

Сонымен қатар бірлескен жоба аясында Астана маңында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені салынуда. Онда алғашқы жерсеріктер шамамен 5 жылдан соң шығарыла бастайды.

«Қазақстанда жасалатын жерсеріктер «Ғалам» жобасы негізінде құрастырылады. Жерсеріктердің қандай түрде шығарылатыны талқылануда. Ал навигациялық жерсеріктердің түрлері әлі келісілген жоқ», - дейді «Astrium» компаниясының Азия және Тынық мұхиты елдері бойынша маркетинг бөлімінің вице-президенті Юг Лапорт-Вейвада.

«Ғарыштағы кездесулер» атты конференция Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамыту келісімшарты аясында өткізілуде. Оған «Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы», «Ресей батыры», ұшқыш-ғарышкер, авиацияның генерал-майоры Талғат Мұсабаев, Франция ғарышкері Жан-Пьер Эньере және «EADS Astrium» ғарыш компаниясының өкілдері қатысты. Келесі конференцияны Алматы қаласында өткізу жоспарлануда.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ «EADS-Astrium» француз компаниясымен Францияның Ле Бурже қаласында 2009 жылғы 18 маусымда келісімшартқа қол қойды. Біздің елімізде мұндай кешен жасау жөніндегі келісімшарт Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Николя Саркозидің аталмыш саладағы стратегиялық серіктестік жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың алғашқы нақты нәтижесі болып отыр.

"Казинформ" 18.04.12